Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел) іс-шарасына қатысты.
Биылғы іс-шараның Шымкент қаласында өтуі Еуразияның негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді.
Пленарлық отырыс басталар алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Masdar жел электр стансасының құрылысы, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы China Energy компаниясының ЖЭК саласындағы жобалары, Алматы облысындағы Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты және Alatau city жобалары бар. Сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысына да ерекше назар аударылды.
KGIR-2026 алаңынна сындарлы диалог орнатуды мақсат еткен 40-тан астам елден келген 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырысты ашқан Премьер-министр іскерлік қоғамдастық өкілдеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қалыптастырылып, белсенді дамып келе жатқан кең ауқымды инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.


