Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау аяқталуға жақын

0
709

2023 жылдың 1-шілдесінен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдау толығымен тоқтатылады.


Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау аяқталуға жақын

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру мәселесінің өзектілігіне баса назар аударған мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылдың 1-қыркүйегінде өз жолдауында осы мәселені оңтайлы шешу үшін бірнеше тапсырма берген болатын.

Атап айтқанда шетелдік автокөлікті алғаш тіркеу үшін төленетін алымды 200 мыңға дейін төмендете отырып, 2022 жылдың 1-қыркүйегіне дейін елімізге енгізілген автокөліктерді заңдастыруға мүмкіндік беруді тапсырды.

Тиісті уәкілетті органдар ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыруды бастап кетті. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ресми хабарлауынша, 2023 жылдың 16 маусымдағы жағдай бойынша 161 мыңға жуық шетелдік автокөліктер заңдастырудан өткен, ал 13 мың өтінім өз кезегін күтуде.

Автокөліктерді заңдастыруға өтінім беру мерзімі шектеулі, сондықтан мүдделі азаматтар ағымдағы жылдың 1-шілдесіне дейін өтінім беріп үлгергендері абзал. Бастысы өтінім беріп үлгеру, 1-шілдеден кейін қабылданған өтінімдер кезекпен қарала бермек. 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдау толығымен тоқтатылады деп хабарлануда.

Заңдастырылуға жататын автокөліктерге қойылатын басты талаптар: автокөлік 2022 жылдың 1-қыркүйегіне дейін әкелінген болуы қажет, іздеуде болмауы керек, заң және сот тәртібімен тиымдары болмауы тиіс және Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіретін елдерге қатысты талап кедендік тазалаудан өткен болуы қажет. Өтінімді электрондық үкіметтің веб-порталы немесе екінші деңгейлік банктердің қосымшалары арқылы беруге болады.

Осы ретте көптеген азаматтардың көкейінде жүрген бірнеше мәселеге жауап бере кетсек, ол шетелдік есептен шығарылмаған көліктер. Әкелінген мемлекеттің есебінен шықпаған автокөліктерді бес жылға уақытша тіркеуге қою мүмкіндігі қарастырылды. Уақытша есепке қою кезінде мемлекеттік нөмір алуға үшін 2,8 АЕК, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік үшін 1,25 АЕК, тіркеу үшін 0,25 АЕК алым төленеді. Автокөліктің шетелдік нөмірі мен құжаттардың түпнұсқасы “Азаматтарға арналған Үкімет” мемлекеттік корпорациясында сақталады. Егер бес жыл ішінде автокөлікті рікеу орны бойынша қайтару қажеттілігі туындаса, құжаттары мен нөмірін қайта алуы тиіс. Ал, егер шетелдік есептен шығарылатын болса Қазақстанға тұрақты тіркеуге қоя алады. Уақытша есепке алудың ерекшелігі - тіркеу туралы куәлікте иеліктен шығару құқығы шектеліп көрсетіледі, яғни мұндай автокөліктерді сатуға, шетелден шығаруға мүмкіндік болмайды.

Өзекті мәселелердің бірі, азаматтардың әлі де болса толық ақпараттандырылмауы, мамандандырылған ХҚКО-да кезектің көптігі. Сондай-ақ уәкілетті орган көрсеткен колл-орталықпен байланысу да қиындық туғызуда. Осыған орай, өтінім қабылдау мерзімі аяқталған соң халық арасында дау-дамайлар орын алмас үшін тиісті уәкілетті органдар түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізсе деген ұсыныс бар.


Айжан Кесебаева

“Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңес мүшесі