ШЫМКЕНТ: ​А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
558

Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысанда болып, жұмыстардың барысын тексерді.


ШЫМКЕНТ: ​А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысанда болып, жұмыстардың барысын тексерді. 31 шақырым жол 8 кезеңмен жөнделеді. А-2 айналма тас жолының 4 кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 1,86 шақырымды құрайтын автомобиль жолының ені 35,5 метр, 6 жолақты. Жоспар бойынша жолдың екі жағынан да арық, жасыл аймақ, тратуар салу жоспарлануда.
А-2 айналма тас жолын қайта құру жұмыстары осыған дейін 65% пайызға орындалды.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын талапқа сай жүргізіп, өндірістік кестеге сай нысанды биыл қолданысқа беруді тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Қалада қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар орындарда жол қауіпсіздігін қамту мақсатында 400 метр жасанды жол кедергілері орнатылды. Көлік қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында Назарбеков - Бәйтереков көшелері қиылысында, Кеңжарық - Патеев көшелерінде, Бәйдібек би даңғылы, Тұран шағын ауданына бұрылыста оң жақ өткелдер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ, Алаш, Бекжан базарлары маңында, Темірлан тас жолы мен А-2 айналма жолында 3 жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылыс жұмыстары атқарылуда.