Нысанды пайдалануға беру 15 шілдеге жоспарлануда.
Бүгінде Тәшкен - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
31 шақырым жолды жаңарту жұмыстары 8 кезең бойынша атқарылады. Қазір 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 201,7 шақырымды құрайтын 253 көше орташа жөндеуден өтеді. Олардың 21-і магистралды көшелер. Сонымен қатар жыл соңына дейін 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Биыл Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері, А-2 айналма жолының 2-ші және 4-ші кезеңдері, Өтегенов көшесінің жалғасы, Адырбеков көшесін қайта құру және Бәйдібек би-Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталады.
Жалпы, бүгінде мегаполис аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 066,1 шақырымы асфальттелген, қалғаны шағал тас төселген жолдар.
Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.