Алдағы жылы 41 балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында 40-қа жуық аула абаттандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің Әл Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Аудан құрамына 10 елдімекен қосылғандықтан, көпқабатты тұрғын үй саны бүгінде 926-ға жеткен. Қала әкімінің 2020-2023 жылдарға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, 262 аула көріктендіріліп, 40 спорт алаңшасы салынды. Биылғы жоспарға сай, 39 аула мен 2 спорт алаңшасы абаттандырылады. Алдағы жылы 41 балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Аудан бойынша көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру 2025 жылы толық аяқталады.
Сондай-ақ, аталған жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен биылғы жоспардың орындалу барысы баяндалды. Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасына сәйкес, жыл басында қала аумағындағы жолдардың сапасын арттыру мақсатында арнайы мониторинг жасалған болатын. Осыған сәйкес, талдау нәтижесінде жөндеуді қажет ететін 20 магистраль көшеге биыл орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды.
Кездесу соңында Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындар тарапынан түскен барлық сұрақтардың назарға алынатынын жеткізіп, аудан әкіміне, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Халық пікірін ескере отырып, шұғыл шаралар қабылдауды ескертті.