Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басшыларға бюджет міндеттемелерінің орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер және Республика күніне дайындық мәселелері қаралды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның негізгі өзгерістері, мемлекеттік қызметтің қазіргі жағдайы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау нәтижелері туралы баяндады.
Сонымен қатар, бос мемлекеттік лауазымдарды уақтылы толықтырудың, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген шектеулерді сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Қала әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, Шымкентте Республика күніне орай 46 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде мәдениет және өнер мекемелерінде 21 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады.
Негізгі мерекелік шаралар 23-25 қазан күндері өтеді. 23 қазанда «Қызғалдақ сарайында» қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталатын салтанатты іс-шара ұйымдастырылады. Сонымен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мюзикл ұсынылады.
24 қазанда Астана алаңында отандық және жергілікті эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Ал 25 қазанда Шымсити саябағында Мемлекеттік туды көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, осы күні Астана алаңында мерекелік гала-концерт өтеді.
Бұдан бөлек, 21-24 қазан аралығында қаланың бес ауданының әкімдіктері мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ, 21-28 қазан күндері Шымкентте еліміздің үздік спортшылары қатысатын тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты өтеді.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басшыларға бюджет міндеттемелерінің орындалуын бақылауды күшейтуді, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды және мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.


