Сондай-ақ, Қаратау аумағында 4 шағынаудандағы көшелерге шағал тас төсеу жоспарлануда.
2023 жылы Шымкент қаласы Қаратау ауданында 70 көшеге асфальт төселеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Асфальт төсеу жұмыстары «Қайтпас», «Тұран», «Достық» шағынауданындарында, «Таскен», «Тассай» «Сайрам» тұрғын алаптарында және «Бозарық» саяжайында жүргізілетін болады.
Айта кетейік, Биыл Шымкентте жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2%-ға жеткізу жоспарлануда. Жалпы Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал, қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.