Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында электрондық еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналарына қатысты мәліметтерге мониторинг жүргізіледі.
Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қатынастарын заңдастыру және жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы маусым айынан бастап жазғы демалыс кезеңінде балаларды заңсыз еңбекке тартудың алдын алу мақсатында полиция органдарымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 72 кәсіпкерлік субъектісі қамтылып, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзудың 8 фактісі анықталды. Заң бұзушылықтар бойынша 2 әкімшілік айыппұл салынды.
Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында электрондық еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналарына қатысты мәліметтерге мониторинг жүргізіледі. Талдау барысында 13 159 кәсіпорында ақпараттық жүйелердегі деректер арасында сәйкессіздік анықталды. Оның ішінде 1 675 кәсіпорында зейнетақы жарналары аударылғанымен, еңбек шарттары туралы мәліметтер енгізілмеген. Ал 11 484 кәсіпорында еңбек шарттары тіркелгенімен, міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған.
Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Тиісті шарт жасасуы тиіс 8 123 кәсіпорынның 6 202-сі, яғни 76,3 пайызы сақтандыру шартын жасасқан. Қалған 1 921 кәсіпорын бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 2026 жылы Еңбек кодексіне жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Үстеме, мереке және демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеу құқығы нақтыланды. Еңбек шартының белгілері болған жағдайда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға жол берілмейді. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі жұмыс берушінің жауапкершілігі де күшейтілді.
Жалпы, бұл жұмыстар еңбек қатынастарын заң талаптарына сай жүргізуге, балалардың заңсыз еңбекке тартылуына жол бермеуге және жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған.


