Бүгінде аталған нысанда құрылыстың ІІІ кезеңі жүріп жатыр.
Бүгін Шымкент қаласында Д.Қонаев даңғылының жалғасы көлік қозғалысы үшін ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде аталған нысанда құрылыстың ІІІ кезеңі жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қонаев даңғылының құрылысын бақылап, жұмыс барысын тексерді.
Д.Қонаев даңғылы қаладағы көлік ағыны жоғары магистралды жолдың бірі. Қазіргі сәтте құрылысы аяқталмаған даңғылдың Терешкова көшесінен Бекет көшесіне дейін аралығы көлік ағынын оңтайландыру үшін іске қосылып отыр.
Құрылыс жобасы бойынша Қонаев даңғылының ІІІ кезеңінде ұзындығы 561,2 метр, ені 42 метрді құрайтын жол салынады. Жобаның үшінші кезеңі 2020 жылы басталып, жұмыс шеңберінде теміржол мен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Сондай-ақ, жол жиегіндегі инженерлік жүйелерді ауыстырылады.
Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында тұрақты түрде техникалық қадағалау эксперттері бекітілген. Ұлттық сапа орталығымен орындалған жұмыстар мен материалдарға сараптама жүргізіліп отырады.
Сонымен қоса, Адырбеков көшесінің Жібек жолы көшесінен Ілияев көшесіне дейінгі аралығы ашылды.
Ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рұскұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тротуар, жарық шамдар көзделген.
Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталып пайдалануға беру жоспарланған.
2018-2020 жылдары Рысқұлов көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі аралықты қамтитын 800 метр жолға қайта құру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Жібек жолы көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі аралықта қайта құру жұмыстары атқарылуда.
Ал Жібек жолы көшесінен Ілияев көшесіне дейін асфальт төсемінің екінші қабаты төселіп, Ілияев көшесінен Тәуке хан даңғылына дейін инженерлік жүйелер орын ауыстырылуда және жолдың қазаншұңқыры дайындалуда.