ШЫМКЕНТ: «Мектеп медиациясы» жобасын дамытуға бағытталған семинар-тренинг өтті

0
2 259

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының​ ұйымдастыруымен «Мектеп медиациясы» жобасын дамытуға бағытталған семинар-тренинг болып өтті. Жиында мектеп оқушылары арасындағы түрлі кикілжіңдердің алдын-алу мәселесі сөз болды.


ШЫМКЕНТ: «Мектеп медиациясы» жобасын дамытуға бағытталған семинар-тренинг өтті

Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен медиаторлар және қаладағы білім беру мекемелерінің 130-дан астам қызметкерлері қатысқан «Мектеп медиациясы» жобасын дамытуға бағытталған семинар-тренинг болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелердің алдын алуда «Мектеп медиациясы» жобасының тиімділігіне тоқталды.

«Мектеп оқушылары арасындағы түрлі кикілжіңдер бүгінде қоғамды алаңдатып отырғаны рас. Алайда, олқылықтың орнын сырттан біреу келіп толтырмасы белгілі. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне келгенде ата-анадан бастап балабақша, мектеп және барша қоғам мүшелері асқан жауапкершілік танытуы қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектеп медиациясы» жобасы аясында білім беру орындарында келеңсіздіктердің алдын алып, қауіпсіз орта қалыптастыруды көздеп отыр», - деді М.Қалмұратов.

Семинар барысында өңірдегі кәсіби медиаторлар «Отбасылық медиация», «Медиация жастар арасында толеранттылықты тәрбиелеудің факторы», «Мектеп медиациясы» сынды тақырыптарда шеберлік сабағын өтіп, тәжірибелерімен бөлісті. Тәжірибелік сағаттар барысында арнайы тапсырмалар арқылы қатысушылар өздерінің алған медиациялық білімдерін арттыруға мүмкіндік алады.

Мамандардың айтуынша білім саласындағы кез келген қызметкер мектеп медиациясы ұғымымен таныс болуы қажет. Сонымен қатар, әр мектепте медиаторлар болғаны жөн. Олар оқу орнында орын алған кикілжіңдерді ушықтырмай шешумен қатар, алдын-алып отыруы тиіс.

Қалалық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы медиация кабинетінің меңгерушісі, кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлованың айтуынша жоба аясында дауларды баламалы шешуді насихаттап, көпшілік арасында оның тиімділігін кеңінен түсіндіру көзделіп отыр.

«Баламалы шешімнің айырмашылығы, сотқа қарағанда екі тарап татуласумен аяқталады, адамгершілік, мораль сияқты құндылықтар алдыңғы орынға шығады. Бұл бағытта халқымыздың бітімгершілік дәстүрін жаңғыртудың маңызы ерекше»,- дейді ол.