Жоба бойынша жалпы жүлде қоры – 2,5 млн теңге.
Шымкентте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясында және «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік идеясын жүзеге асыру мақсатында «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жоба негізінде ақыл-ой тәрбиесінің негізі болып саналатын шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойындары 15 қазанда бастау алып, бүгін өз мәресіне жетті.
Байқауға қатысушыларды құттықтауға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, "Егемен Қазақстан" газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Төлеби ауданының Құрметті азаматы Ғалымжан Елшібай қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалығы – Шымкент қаласының мектептерінің бастауыш сыныптарында шахмат пәні енгізілгенін ерекше атап өтті.
- Бүгін Сіздермен асыға күтіп, аяқталып мәресіне жеткен «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауының қуанышты сәтінде жүздесіп отырмыз. Біз Шымкент қаласында «Интеллектуалды ұлт» жобасын, бүкіл әлемде орын алып жатқан жаман індеттің қиыншылықтарына қарамай, уақыттан ұта қимылдап жүзеге асыруға ұмтылдық. Бұл біз үшін, жас ұрпақтың болашағына жасалынған игі қадам деп сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта да жастар үшін, жастардың болашағы үшін көп игі тірліктер қолға алынады. Өздеріңіз қатысып отырған осы «Intellectualdy ult» жобасы аясында да болашақта атқарылатын жоспарларымыз көп. Оған сіздер де белсене атсалысады деген үлкен сенімдемін. Биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалығы өздеріңіз жиі естіп, ақпарат құралдарынан біліп жатқан – Шымкент қаласының мектептерінде, яғни бастауыш сыныптарында шахмат пәні енгізілді. Бұл да жақсы нәтиже береді деген үміттемін.Қазақстанның рухани жаңғыруы, біріншіден, өскелең ұрпаққа бағытталған. Балаларға қамқор болу, олардың зияткерлік дәстүрлерге қызығушылықтарын ояту – біздің мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі - деді басқарма басшысы Жанар Әлібекқызы.
Жоба бойынша жалпы жүлде қоры – 2,5 млн теңге. Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбыдан сайыс жас ерекшеліктеріне қарай оқушылар, ересектер және ардагерлер мен ұстаз-тәлімгерлер арасында өтті.