Көктайғаққа қарсы 32,1 мың текше метр құм және 24,9 мың тонна тұз дайындалған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, фармацевтикалық қызметтің жай-күйі, электр желілерін дамыту және қаланы қысқы кезеңге дайындау мәселелері қаралды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Айнұр Тобаеваның айтуынша, мемлекеттік тізілімде көзделген мемлекеттік қызметтердің 91,8%-ы корпорация арқылы көрсетіледі.
Жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 679 мыңнан астам қызмет көрсетілсе, өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 347 мыңнан астам қызмет алынған. Қалада қызмет көрсетудің жаңа форматы – «Цифрлық халыққа қызмет көрсету AI кеңсесі» іске қосылды. Мұнда азаматтар терминалдар мен планшеттер арқылы өз бетінше қызмет ала алады немесе мамандардың көмегіне жүгіне алады.
Көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру қызметтерін цифрландыру жұмысы жалғасуда. Сондай-ақ, биылғы 9 айда әлеуметтік қамсыздандыру саласында 91,3 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың басым бөлігі азаматтардың жеке өтінішінсіз, проактивті форматта тағайындалады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті департаментінің басшысы Айгүл Садықованың мәліметінше, қалада фармацевтикалық қызметпен айналысатын 868 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 650 дәріхана бар.
2026 жылдың 9 айында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 73 заң бұзушылық анықталып, 34 тексеру бойынша оларды жою туралы нұсқама берілген. 53 әкімшілік іс қозғалып, өндірілген айыппұлдардың жалпы сомасы 15,7 млн теңгеден асты.
Жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында фармацевтикалық қызметті заңсыз жүзеге асыру, дәрілік заттарды рецептсіз босату, сондай-ақ, тіркелмеген препараттарды сақтау және өткізу бар. Әсіресе халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған препараттарды заңсыз сатудың жолын кесуге баса назар аударылуда.
Дәрілік заттардың айналымын бақылау үшін ISMET.KZ таңбалау жүйесі қолданылады. Ал «NAQTY ONYM» мобильді қосымшасы арқылы дәрілік зат туралы ақпарат пен оның шекті бағасын тексеруге болады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда «Е-өтініш» жүйесі арқылы шағым жолдау мүмкіндігі қарастырылған.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерасыл Серік тұрғын алаптар мен өнеркәсіптік нысандарды электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және электр желілерін дамыту мақсатында биыл 8 жоба жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
Сайрам, Сәуле және Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында электр желілерінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар өнеркәсіптік нысандарды электр желісіне қосу жұмысы жүргізілуде. Нәтижесінде шамамен 24 мың тұрғынды электрмен жабдықтау сапасы жақсарады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында қаланың электр желілерін жаңарту көзделген. Жұмыстар қосалқы стансаларды, кабельдік және әуе желілерін жаңартуды, сондай-ақ, электр энергиясын автоматтандырылған есепке алуға арналған 2 350 құрылғы орнатуды қамтиды.
Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңарту» ұлттық жобасы аясында тағы бір жобаны іске асыру жоспарлануда. Жыл қорытындысы бойынша электр желілерінің тозу деңгейін 56,2%-ға дейін төмендету күтілуде.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғар қысқы кезеңде 617 бірлік арнайы техника мен 3 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылатынын хабарлады. Олар 474 магистральдық және 3 632 орамішілік көшені тазалауға жауапты болады.
Көктайғаққа қарсы 32,1 мың текше метр құм және 24,9 мың тонна тұз дайындалған. Қосымша 14,8 мың текше метр құм мен 7 мың тонна тұз сатып алу жоспарлануда. Қаланың бес ауданында қар тазалаудың негізгі бағыттары айқындалып, көктайғаққа қарсы материалдардың қоры әзірленген. Қарды уақтылы шығару үшін арнайы алаңдар белгіленіп, бос жер учаскелері дайындалуда.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты басшыларға мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуді, фармацевтика саласындағы талаптардың сақталуын қадағалауды, электр желілерін дамыту жобаларын уақтылы іске асыруды және қаланы қысқы кезеңге сапалы дайындауды тапсырды.


