Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын.
Шымкент қаласы Сайрам шағынауданында 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.
Қазіргі сәтте шағынаудандағы №№7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр.
Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен.
Қала әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген.
Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін ықшам ауданда 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады.2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.