ШЫМКЕНТ: Сауда орталығында жүзден астам тұрғын дәрігерлерден кеңес алды

0
68

Акция аясында хирург, кардиолог, отоларинголог, офтальмолог және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қабылдау жүргізді.


ШЫМКЕНТ: Сауда орталығында жүзден астам тұрғын дәрігерлерден кеңес алды

Шымкенттегі ОӘД сауда орталығында «Денсаулық бұрышы» акциясы өтіп, жүзден астам тұрғын дәрігерлердің кеңесін алды.

Бұл жолы «Студенттік емхана» мамандары сауда орталығының қызметкерлерін, қала тұрғындары мен студенттерді қабылдап, медициналық-консультациялық көмек көрсетті.

Акция аясында хирург, кардиолог, отоларинголог, офтальмолог және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қабылдау жүргізді. Мамандар тұрғындардың қан қысымын өлшеп, көру қабілетін тексерді. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесінің жағдайын бағалау үшін электрокардиография (ЭКГ) жүргізді. Дәрігерлер денсаулыққа қатысты сұрақтарға жауап беріп, қажет болған жағдайда қосымша тексерулерден өтуге және ем қабылдауға қатысты ұсыныстар берді.
Қабылдауға жақын маңдағы оқу орындарының студенттері де қатысып, дәрігерлерден кеңес алды. Іс-шара «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының ұйымдастыруымен өтті. Қор филиалының қызметкерлері тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді және ақпараттық материалдар таратты.
Сала мамандары атап өткеніндей, МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтарға медициналық көрсетілімдерге сәйкес бейінді мамандардың консультациясын, диагностикалық зерттеулерді, жоспарлы стационарлық емді, медициналық оңалтуды, жоғары технологиялық көмек пен басқа да медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді.
«Денсаулық бұрышы» акциясы тұрғындардың медициналық көмек туралы ақпарат алуына, аурулардың алдын алуға және қажетті медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бөлісу