Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Тұран-2 шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазір Тұран-2 елдімекенінде 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз және электр жүйесі тартылған болатын. Қазір мұнда ішкі орамды тегістеу, абаттандыру, аяқжол және асфальт төсеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, шағын ауданның 25,26 орамдарына инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуда. Нысандарды толық қолданысқа беру биыл екінші жартыжылдыққа жоспарланған.
Сонымен қатар, бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Тұран-2 шағын ауданындағы құрылыс нысандарын аралаған соң, келесі локация Бозарық елдімекеніне бірқатар шолу жасады. Шағынауданда мемлекеттік бюджет есебінен 49 тұрғын үй бой көтерген. Алдағы уақытта аталған аумақта 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Мұрат Дүйсенбекұлы шағын ауданның даму жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстарды қадағалап, мердігер мекемелердің жұмыс кестесін де назарға алды.
- График бекітілген, талап бар! Әкімдік тарапынан уақытылы қаражат жіберу жағы шешілген. Тек өздеріңіз қол қойған кестеге сай жұмыс істеу керек! – деген қала әкімі басқарма басшыларына тұрғындарды баспанамен қамту мақсатындағы жұмыстарды сапалы, әрі жұмыс кестесіне сәйкес аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Шымкентте мемлекет бюджеті есебінен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлердің ирригациялық жүйелері тартылып, ішкі жолдары асфальттелген. Қазір аулада көгал төселуде, бригада ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтап жатыр.