ШЫМКЕНТ: Жұрттың жағасын ұстатқан қылмыстық іске сот үкімі шықты

0
1 650

Азанда дұрыс оқымағаны үшін 5 жасар өгей ұлын ұрып өлтірген қылмыскер 8 жылға сотталды.


ШЫМКЕНТ: Жұрттың жағасын ұстатқан қылмыстық іске сот үкімі шықты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте бес жасар өгей ұлын азанды дұрыс оқымағаны үшін ұрып өлтірген өгей әке сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өткен жылдың желтоқсанның 5-не сағат 20.00 шамасында Шымкент қаласы Қарабастау елдімекені Достар көшесінде тұратын Е.Ж. бес жасар өгей ұлын "Құптан" намазын оқу кезінде азанды дұрыс оқымағанын көріп, балақайды жазаламақ боп ұрып-соққан. Үйдің кіре беріс бөлмесінде сойталдай жігіт дәрменсіз бес жасар балақайды тепкілеп тастаған. Сол күні ауыр дене жарақаттарымен бала облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дегенмен ақ халаттылар ажалдан арашалап қала алмаған еді. Ауыр дене жарақаттарынан өгей әкесінен әбден таяқ жеген бес жасар бүлдіршін ауруханада көз жұмған.

"Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2019 жылғы 19 ақпандағы үкімімен Е.Ж. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен, яғни жәбірленушінің дәрменсіз күйде екенін біле тұра, абайсызда оның өліміне әкеп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді. Сот сотталушыға жаза мөлшері мен түрін белгілегенде, оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасаған әрекетіне шын ниетпен өкінгенін ескерді. Үкім заңды күшіне енбеген", - деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.