Шымкентте 417 шақырым жол жөнделді

0
2 484

Жыл соңына қарай Т.Рысқұлов пен Д.Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяқталады.


Шымкентте 417 шақырым жол жөнделді

Шымкент қаласында 417 шақырым жол жөндеу жұмыстарынан өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта халық алдында есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
«2020 жылы Шымкент қаласында 417 шақырым жолға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 229 көше жөнделді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 60 %-ға жетті. Былтыр 4 көпір жөнделіп, 4 көпір салынды», - деді қала әкімі.
Одан бөлек, биыл 109 көше жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 63 %-дан асады. Д.Қонаев даңғылындағы жөндеу жұмыстары жалғасын табады.
«Биыл Д.Қонаев даңғылын жалғастырамыз. 18 шақырымнан астам жол жөнделеді. 31 шақырымнан астам құрайтын А-2 айналма жолының қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Аталған жолдардың құрылысын 2024 жылға дейін пайдалануға беру көзделуде. Нәтижесінде, Алматы-Ташкент бағытындағы тас жолды байланыстырады және қаланың транзиттік әлеуеті артады», - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сондай-ақ, жыл соңына қарай Т.Рысқұлов пен Д.Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяқталады. Биыл Бәйдібек би – Ұ.Арғынбеков, келер жылы Н.Назарбаев және Ә.Назарбеков даңғылдарындағы жолайрықтың құрылысы басталады.