​Шымкентте автобус жолаушыларына концерт қойылды

0
81

Күмбірлеген күй мен әуелеген халық әндері күнделікті қарбаласқа асыққан тұрғындарды бір сәтке аялдатып, мерекелік көңіл күйге бөледі.


​Шымкентте автобус жолаушыларына концерт қойылды

ERNUR.KZ. Мегаполистің «Теріскей» аялдамасынан №35 бағыттағы автобусқа мінген жолаушылар шымкенттік домбырашылардың өнеріне куә болысты. ІІМ мектебіне дейінгі жол аралығында жолаушыларға арнайы концерттік бағдарлама ұсынған «Шымкент-концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары мен танымал әртістері қала көшелеріне шығып, қоғамдық көліктерде және халық көп шоғырланатын орындарда «Домбырашылар шеруін» ұйымдастырды. Ал кері бағытта өнерпаздар №108 автобуспен ІІМ мектебінен «Теріскей» аялдамасына дейін ұлттық ән-күйді насихаттап, жолаушылардың ыстық ықыласына бөленді. Күтпеген жерден басталған шағын концерт автобус ішін ерекше атмосфераға бөлеп, жолаушылар өнерпаздарға қол соғып, әндерді бірге шырқап, естелік бейнероликтер түсірді.


Мерекелік акция Шымкентте бүгін тек қоғамдық көліктермен шектелген жоқ. «Теріскей» және «Гүлжан» аялдамаларында да домбыраның күмбірі естіліп, «Адай», «Балбырауын» сияқты қазақтың әйгілі күйлері орындалды. Ұлттық музыканы тыңдауға жиналған тұрғындар өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ұлттық домбыра күніне орай Шымкентте ұйымдастырылған «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты ауқымды мәдени акция аясында қала тұрғындары үшін ерекше форматтағы мерекелік шара өтті. Бұл жолы ұлттық өнер сахнада ғана емес, қоғамдық көліктер мен аялдамаларда да жаңғырып, жолаушыларға күтпеген рухани сый жасалды.

Күмбірлеген күй мен әуелеген халық әндері күнделікті қарбаласқа асыққан тұрғындарды бір сәтке аялдатып, мерекелік көңіл күйге бөледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша ұлттық өнер мен мемлекеттік құндылықтарды ұштастырған бұл ерекше жоба Шымкент көшелерін күйдің қоңыр үніне бөлеп, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті. Қоғамдық көліктегі күтпеген концерттер қала тұрғындары үшін есте қаларлық ерекше тартуға айналып, Ұлттық домбыра күнінің рухын айшықтай түсті.