Қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді.
Шымкент қаласында бес жылда 900 шақырымнан астам жол жөнделді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығы, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Қонаев даңғылының 3-ші кезеңін, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңін, Өтегенов көшесінің жалғасын, Темірлан тас жолы және А-2 автомобиль жолындағы үш жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Мұрат Дүйсенбекұлы халықты инфрақұрылыммен қамтуда бірінші кезекте, ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін шешуге көңіл бөлінгенін жеткізді. Аталған мәселелер шешімін тапқан соң көлік инфрақұрылымын дамытуға мән беріліп жатқанына тоқталды.
Нәтижесінде мегаполисте жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54 пайыздан биыл 71 пайызға жеткізу көзделуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.