Жобаның басты мақсаты – шахматты халыққа барынша қолжетімді ету.
Бүгін Шымкентте бірден үш жаңа Шахмат үйінің салтанатты ашылуы өтті.
Қала тұрғындарына арналған жаңа кеңістіктер халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда бой көтерді. Ашылу рәсіміне Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және KazChess президенті Тимур Турлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа нысандардың ішінде ең үлкен Шахмат үйі Абай атындағы саябақта, аумағы - 223 шаршы метр. Бір мезгілде 96 адамға дейін қабылдай алады. Қалған екеуі Металлургтер саябағы мен 17-ші шағын ауданда орналасқан, ауданы 81 шаршы метрді құрайтын екі павильон (сыйымдылығы 48 орын). 17-ші аудандағы аллеяда орналасқан нысанда жазғы терраса да қарастырылған.
Шахмат үйлерінің құрылысына Freedom Holding Corp компаниясының «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры демеушілік етті. Алдағы уақытта ғимараттарды Freedom Telecom тегін интернетпен қамтамасыз етеді.
Жобаның басты мақсаты – шахматты халыққа барынша қолжетімді ету. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл орындардың тұрғындар үшін бос уақытты тиімді өткізуге таптырмас алаң болатынын атап өтті. Ал Тимур Турлов үлкен спорттың бұқаралық сипаттан басталатынын айтып, жаңа орталықтар Шымкенттің Орталық Азиядағы басты шахмат ордаларының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетініне сенім білдірді.
Салтанатты ашылудан кейін жаңа Шахмат үйлерінде бірден 100 жас өреннің қатысуымен «SHYMKENT CHESS HOUSE BLITZ Challenger 2026» балалар блиц-турнирі басталды. Ойындар швейцариялық жүйе бойынша үш алаңда қатар өтіп жатыр.
Бұл инфрақұрылымдық жоба Қазақстанға Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова және Ринат Жұмабаев сияқты танымал гроссмейстерлер мен чемпиондарды сыйлаған Шымкенттің бай шахмат дәстүрін одан әрі дамытуға септігін тигізбек.


