Шымкентте биыл 348 шақырым жол жөндеуден өтеді

0
555

Жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі.


Шымкентте биыл 348 шақырым жол жөндеуден өтеді

Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған. Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар. Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр.
Қала әкімінің тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру туралы берген тапсырмасы негізінде қаланың шалғай орналасқан шағын аударына жалпы 52,7 шақырымды құрайтын 144 көшеге шағал тас төселді.
Басқарма мамандарының айтуынша, жүргізілген жұмыстардың 47,2 шақырымы яғни, 131 көше Абай ауданына тиесілі екен, ал, қалған 13 көше, 5,2 шақырым жол Әл-Фараби ауданына қарасты. Атап айтқанда Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ, Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Сәуле, 276 орам, Ақжар-2 тұрғын алаптарындағы көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС атқарды.
Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді.