Қазіргі таңда Шымкент халқының 84,4%-ы сақтандырылған.
Шымкентте денсаулық сақтау саласын МӘМС есебінен қаржыландыру үлесі артты.
Биылғы жылы жалпы қаржыландыру көлеміндегі МӘМС қаражатының үлесі 54%-ға жетті. Сонымен қатар медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау үшін QALQAN цифрлық жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен өткен денсаулық сақтау саласында 9 айда атқарылған жұмыстар туралы алқа отырысында ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева баяндады.
Биыл Қордың қалалық филиалы 174 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан. Оның 34-і – мемлекеттік, 140-ы – жекеменшік ұйым.
Қала тұрғындарын МӘМС жүйесімен қамту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Шымкент халқының 84,4%-ы сақтандырылған. Жергілікті бюджет есебінен «D» және «E» санатындағы 47 мыңнан астам азаматтың сақтандыру мәртебесі қамтамасыз етілді. Сақтандырылмаған 197 мыңнан астам тұрғынды МӘМС жүйесімен қамту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Тұрғындардың өтініштері бойынша да оң өзгеріс бар. Биылғы тоғыз айда Қорға 646 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4%-ға аз. Өтініштердің 406-сы медициналық ұйымдардың пациенттерді қолдау қызметтері арқылы жедел реттелген.
Алқа отырысында қала әкімінің орынбасары халықты МӘМС жүйесінде қамту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындардың медициналық көмекті уақытылы алуына және денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталған.


