Шымкентте қажылыққа жолдама алған 50-ге жуық тұрғын алданып қалды

0
748

Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 33 миллион теңгені құрады.


Шымкентте қажылыққа жолдама алған 50-ге жуық тұрғын алданып қалды

Мекке мен Медина қаласына жолдама алған 50-ге жуық азамат алаяқтарға алданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі міәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, 26 қаңтар күні Еңбекші аудандық полиция басқармасына алаяқтық жайты бойынша ерлі-зайыптылар арызданған. Күйеуі мен әйелі қасиетті мекен Сауд Арабиясына баруға “Каусар-травел” туристік агенттігі жолдама уәде еткенін айтқан. Олар өз қызметін 1 млн теңгеге бағалаған. Алайда, 13 қаңтарда шетелге ұшу керек болған ерлі-зайыптылар уәде етілген әуе билеттері мен елден шығу визасын ала алмаған. Компания директоры қоңырауларға жауап бермей, жұмыс орнына іздеп барғанда ол жерде болмай шыққан.

Осындай арыздармен полицияға аталған турагенттіктің алаяқтық құрбаны болған тағы 48 адам жүгінген.Олар Шымкент және Алматы қаласының тұрғындары. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 33 миллион теңгені құрады.

"Полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және тәртіп сақшылары белгісіз бағытта жасырынған компания директорын іздестіруге кірісті. Оны іздеуге бес күн қажет болды. Жедел іс-шараларды өткізу барысында Еңбекші АПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері ер адамның Алматыда жасырынып жүргенін анықтады. Ол Медеу АПБ-ның әріптестерімен бірге жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды", - делінген жазбада.

Қазіргі таңда күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, полиция зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.