Қоғамдық көліктерге байланысты 785 құқықбұзушылық тіркелген.
ERNUR.KZ. Шымкентте қоршаған ортаны ластағаны үшін 18 қоғамдық көліктің жүргізушісі жауапқа тартылды, деп жазады inform.kz.
Шымкентте жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын көліктердегі кемшіліктер, апаттылықтың алдын алу және қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қоршаған ортаға зиян тигізген 18 қоғамдық көлік анықталған.
Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс-шара барысында жалпы саны 785 құқықбұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, автобустардаластаушы заттардың болуы, жолаушыларды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу сияқты кемшіліктер анықталған. Сондай-ақ, жүргізушілер тиісті рұқсат қағазынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарып, бағытқа шығар алдында техникалық және медициналық тексеруден өтпеген болып шықты.
Сонымен қатар, рульде отырып ұялы телефонмен сөйлескен және алдындағы көліктерді рұқсат етілмеген жерде басып озу немесе маневр жасаған жүргізушілер кездескен. Кейбірінің қоғамдық көлікті сақтандыру полисінсіз жүргізгені белгілі болды.
Жедел-профилактикалық іс-шара нәтижесінде 11 көлік айыптұраққа қойылып, автобус парктерінің 10 лауазымды тұлғасы әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылған.