Шымкентте Конституция Күніне орай жаңа тұрғынүйлер пайдалануға берілді

0
659

Онда жалпы 80 пәтер бар.


Шымкентте Конституция Күніне орай жаңа тұрғынүйлер пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасының Конституциясының 25 жылдық мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында «Премьера» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған кешен бес қабатты екі тұрғын үйден тұрады. Онда жалпы 80 пәтер бар.

Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа қоныс берекесі мен ырысы мол үлкен ордаға айналуын тілеп, қала тұрғындарын Конституция күнімен құттықтады.
«Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Мәселен, өткен жылы тек «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 298 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, осы жылы 104 үй пайдалануға беріліп, 5800 отбасы жаңа пәтерге ие болады», - деді қала әкімі.
«Премьера» тұрғын үй кешені «Нұртас» шағын ауданында орналасқан. Керамикалық кірпіштен салынған тұрғын үй кешенінің қасбетін әрлеуге травертин қолданылған. Бұл өз кезегінде кешенге классикалық көрініс береді.
Нысан «Бәйтерек ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы – тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының бақылауымен салынды. Құрылыс кезінде 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Мұндағы пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның барлық бағдарламалары және «7-20-25» арқылы сатып алуға болады.