Шымкентте "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары анықталды

0
2 003

Байқауға 40 отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырған. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 16 отбасы байқаудың екінші кезеңіне қатысқан.


 Шымкентте

Бүгін Шымкент қаласында "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Байқаудың мақсаты отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау және көрсету болып табылады.

Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктерінде сәуір-мамыр айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасында өтініштер қабылданған болатын. Нәтижесінде 40 отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырды.

Шымкент қаласының республикалық мәртебе алуына байланысты биылғы жылы байқаудың екінші кезеңі тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер барлығы 16 отбасы байқаудың екінші кезеңіне қатысты.

Байқау қатысушыларын іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия Шойбек Орынбай мен Сермаңызов Нұрболат Сүттібайұлының отбасыларын жеңімпаз деп таныды. Байқауға жеңімпаздарын отбасы, балалар және жастар істері басқармасының басшысы Ж. Қалтаев марапаттады.

Жеңімпаз 2 отбасыға байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілді. Жеңімпаз отбасылар қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласын таныстыратын болады.

Естеріңізге сала кетейік, "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы жыл сайын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында өткізіледі.