Шымкентте Оқушылар сарайы 80 жылдық мерейтойын атап өтті

0
725

Мерейлі мекенге 80 жыл!» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.


Шымкентте Оқушылар сарайы 80 жылдық мерейтойын атап өтті

ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласындағы тарихы терең Оқушылар сарайы 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Білім берудің барлық бағытын қамтыған мекеменің айтулы мерекесіне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті Оқушылар сарайының ұжымы! Сіздерді 80 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер еліміздің болашағы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етіп келесіздер. Оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ой-өрісін дамытуда және олардың бойына Отаншылдық, еңбексүйгіштік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді дарытудағы еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тынымсыз ізденістеріңіз бен жүйелі жұмыстарыңыздың арқасында Шымкент қаласының оқушылары республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер, спорт және білім сайыстарында үздіктердің қатарынан көрініп жүр, – деп қала әкімі ізгі тілегін білдіріп, ұжымға сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында «Мерейлі мекенге 80 жыл!» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Мекеме фойесінде қолөнер және бейнелеу өнері көрмесі, картинг, авиамодельдеу, гобелен мен былғары қолөнер жұмыстары орналастырылды. Киіз үйде ұлттық тағамдар дастарқаны жайылып, Оқушылар сарайының «Сарай сазы» ұлттық-этнографиялық ансамблі мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мәртебелі қонақтар түрлі бағыттағы үйірмелердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ концерттік бағдарламада оқушылардың өнерлерін тамашалады.
Айта кетейік, Оқушылар сарайы 200 мыңнан астам бала мен жасөспірімге қосымша білім беріп, кәсіби бағдар алуына ықпал етті. Бүгінде 124 үйірмеде 5 000-ға жуық бала білім алып, бос уақытын тиімді ұйымдастырып отыр.