«Оңтүстік» индустриалды аймақта қазіргі уақытта жалпы құны 41 миллиард теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылуда.
Шымкентте өнеркәсіп өндірісінің көлемі артады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келетін «Оңтүстік» индустриалды аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ондағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, іскер азаматтармен пікір алмасты.
Кәсіпорындар экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек екенін айтқан қала басшысы өндіріліп жатқан өнімнің экспортын арттыруға басымдық беруді атап өтті. Сонымен қатар, ол өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыруға және кәсіпкерліктің дамуы бағытында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Индустриялық аймаққа жасаған сапары барысында қала басшысы «Шымкент Темiр» ЖШС-нiң болат құю зауытының құрылысымен танысты. 2018 жылы iске қосылған өндiрiстiң жалпы құны 5,9 млрд. теңге болып отыр. Жылына 250 мың тонна өнiм шығаруға қауқарлы кәсiпорында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Зауыт - ТМД елдерiнде баламасы жоқ, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Өндіріс ошағы толықтай iске қосылғанда жылына 1 миллион тонна өнiм алу жоспарланып, 2100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Әкім танысқан келесі нысан «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның болат құю цехы. Жобаның құны 1 млрд. 244 млн. теңгені құрайды, Онда 235 азамат жұмыспен қамтылған. Мұнда еуропалық стандарттарға сай және баға жағынан тиімді тот баспайтын болат металы шығарылады.
Бұдан бөлек, Мұрат Дүйсенбекұлы алюминий сымын шығаратын цех пен бетоннан құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарды аралап көрді.
Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриалды аймақта қазіргі уақытта жалпы құны 41 миллиард теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.