Бүгінде басқармаға қарасты 22 мәдениет мекемесі қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады.
Бүгінде басқармаға қарасты 22 мәдениет мекемесі қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Есепті кезеңде мәдени-бұқаралық және ресми бағытта 4 814 іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 миллионнан астам адам қатысты. Оның ішінде екі республикалық және 55-тен астам мемлекеттік әрі мерейтойлық іс-шара бар. Мәдени бағдарламалар аясында мемлекеттік мерекелерге арналған концерттер, шығармашылық кештер, ақындар айтысы, әдеби-танымдық кездесулер мен көрмелер өткізілді. Сонымен қатар 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Шымқала кештері» жобасы аясында қала саябақтары мен ашық алаңдарда демалыс күндері тұрақты концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып келеді.
Қаладағы жеті театрда есепті кезеңде 22 жаңа спектакль сахналанып, 846 қойылым және 14 концерт ұсынылды. Нәтижесінде 157 353 көрермен қамтылды. «Шымкент-цирк» ұжымы тоғыз айда екі премьера мен 47 қойылым ұсынып, 30 855 көрерменді қамтыды. Ал Түркістан және Қызғалдақ сарайларында, сондай-ақ 10 мәдениет үйінде 504 іс-шара өткізіліп, 148 553 көрермен жиналды. Концерттік-көрме орталығында ұйымдастырылған 37 мәдени іс-шараға 48 050 адам қатысты.
Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің қорында 32 103 экспонат бар. Оның 27 186-сы электронды форматқа енгізілген. Есепті кезеңде музей бөлімдерінде 29 көрме, 1 646 экскурсия және 17 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 40 318 келуші қамтылды. Бұдан бөлек, музей қорындағы 306 экспонат цифрлық форматқа көшірілді. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында тоғыз іс-шара өткізіліп, 182 экскурсия ұйымдастырылды. Орталықтың қызметі ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге және рухани мұраны насихаттауға бағытталған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 188 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның 70-і археологиялық, тоғызы сәулет ескерткіші, үшеуі киелі нысан, ал 106-сы монументтік өнер құрылысына жатады. Олардың ішінде жеті нысан республикалық, сегізі жергілікті маңызы бар ескерткіштер санатына енгізілген. Басқарманың мәліметінше, жыл соңына дейін мәдени-көпшілік іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жалғасады.


