​Шымкентте туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты

0
987

Ағымдағы жылдың 6 айында қала бойынша жалпы туберкулездің 171 жағдайы тіркелген.


​Шымкентте туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты

Шымкент қаласында туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті ауруларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Б. Мұсаева және Түркістан облысы ҚДБ «ОФО» №3 терапия бөлімінің меңгерушісі Г. Ештаеваның қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды.

«Шымкент қаласында туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты. Ағымдағы жылдың 6 айында қала бойынша жалпы туберкулездің 171 жағдайы тіркелген. Оның ішінде өкпе туберкулезі 135. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда жалпы туберкулез аурушаңдығы 5 жағдайға, өкпе туберкулезі 8 жағдайға өскен», - деді Б.Мұсаева.

Брифинг барысында спикер туберкулез ауруының алдын алу жағдайларына да тоқталып өтті.

Жаңа туылған нәрестелерге перзентханада туберкулезге қарсы Кальметт- Герен Бацилла вакцинасымен (БЦЖ) егіледі және 6-7 жастағы 1 сыныпқа баратын балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда, Кальметт-Герен Бацилла вакцинасымен қайта егу (ревакцинация) жүргізіледі. Ал 14 жасқа дейінгі «Жоғарғы қауіп тобындағы» және туберкулез ошақтарындағы балалардың арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында Манту сынамасымен жылына 1 рет қамтылады. Ересектер мен жасөспірімдер міндетті түрде флюорографиялық тексеруден жылына бір рет өтуі тиіс, - деді ол.

Профилактикалық флюорографиялық тексерудің мақсаты – ересектер мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез аурушаңдығын ерте анықтау. Туберкулез ауруы ерте анықталмаған жағдайда ауру бациллярлы түрімен немесе туберкулездің асқынған түрімен анықталып, қоғамға қауіпті күшейтеді.

Спикердің сөзінше, ем қабылдамаған әpбip науқас жылына 10 адамнан 15 адамға дейін туберкулез ауруын жұқтыруы мүмкін. Туберкулезге шалдыққандардың 54%-ын 18 бен 44 жас аралығындағы жұмыс істеуге қабілетті адамдар кұрайды.

«2022 жылдың 6 айлық қортындысы бойынша Шымкент қаласында туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шыққанда екі жылда да бір деңгейде сақталып, 15,3 құрап отыр. Ал өлім көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы 9,1 пайызға төмендеп отыр. Ал туберкулездің асқынған жағдайы тіркелмеген», - деді Түркістан облысы ҚДБ «ОФО» №3 терапия бөлімінің меңгерушісі Г.Ештаева.