Шымкентте вирусты гепатиттер бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

0
523

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың 7 айында «А» вирусты гепатитінің 3 жағдайы тіркелген.


Шымкентте вирусты гепатиттер бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Шымкент қаласында вирусты гепатиттер бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова және "Шымкент обаға қарсы күрес станциясы" филиалының зертхана меңгерушісі Ботакөз Шаймерденованың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың 7 айында «А» вирусты гепатитінің 3 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген 2 жағдайы «А» вирустық гепатитіне қарсы екпе егуден бас тартқандар. Созылмалы вирусты гепатиттерден оқушылар арасында СВГС («С» вирусты гепатитінің созылмалы түрі) 2 жағдайы тіркелді. Вирустық гепатиттер - адамның бауырына әсер ететін және бауырдың, көкбауырдың, сарғаюдың және интоксикацияның ұлғаюымен көрінетін вирустық аурулар тобы. Созылмалы гепатиттің (алты айдан астам уақытқа созылатын бауырдағы диффузды қабыну процестері) вирустық емес түрі де кездеседі. Қазіргі уақытта қаладағы вирусты гепатиттер бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, - деді Айгүл Мелесқызы.

Спикердің сөзінше, жұқпалы аурулардың ішінде вирустық гепатиттер зардап шеккендер саны бойынша тұмаудан кейін 2-орын алады. Сондай-ақ, созылмалы вирустық гепатиттердің 286 жағдайы тіркелген.

Оның ішінде:

- Дельта агенті бар созылмалы «В» вирустық гепатиті - 3 жағдай;

- Дельта агентсіз созылмалы «В» вирустық гепатиті - 91 жағдай;

- Созылмалы «С» вирусты гепатиті - 190 жағдай.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдықтың 1,5 есеге өскендігін көрсетеді. Ал жазғы демалыс кезеңінде оқушылар арасында «А» вирусты гепатитінің 1 жағдайы тіркелген.

Баспасөз жиынында сөз алған Ботагөз Шаймерденова, оба ауруының алдын алу шараларына да тоқталып өтті.

Оба - аса қауіпті, жоғары жұқпалы, тез арада өлімге әкелетін, табиғи-ошақты індет. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде Шымкент қаласының тұрғындары арасында оба ауруы тіркелмеді. Індеттің көзі, табиғи тасымалдаушы - жабайы, үй кеміргіштері. Құрметті қала тұрғындары, Түркістан облысындағы обаның табиғи ошағы бар жоғарыда аталған аудандарға барғанда бүрге, кене шағуынан сақ болғандарыңыз жөн, - деді спикер.