Көліктік бақылау инспекциясының деректері бойынша Шымкент қаласының аумағында жер қойнауын пайдаланушылардың 38 карьері тіркелген.
Шымкент қаласындағы 19 жол мен көшеге 37 рет сараптама жүргізген «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары көптеген кемшіліктерді анықтаған. Тексеру қортындысы бойынша мердігер компанияларға 816 ескерту берілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Мемлекеттік кәсіпорынның мәліметінше, атқару құжаттары бойынша 263 (32%) және құрылыс монтаждау жұмыстары бойынша 512 (63%), жол құрылыс материалдары бойынша 41 ескерту (5%) берілген. Сондай-ақ, қала көшелері мен жолдарының сапасына қолданылатын материал және технологиялық процестің сақтамалмауы әсер еткен.
Белгілі болғандай, мердігер мекемелер жол-құрылыс жұмысы кезінде көліктің осіне түсетін жүктеме бойынша қолданыстағы нормативті ескермеген. Мәселен, көліктік бақылау инспекциясының деректері бойынша Шымкент қаласының аумағында жер қойнауын пайдаланушылардың 38 карьері тіркелген. Бұл карьерлерде «HOWO» маркалы 1 мыңға жуық карьерлік жүк көлігі күнделікті жүк тасымалдайтыны анықталған.
Осының кесірінен жол тез бұзылады және оның жиі жөндеу қажет. Қазіргі таңда филиал мамандары тарапынан қала жолдарында ауыр салмақты жүктердің жүру жиілігі есепке алынуда.
«Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Шымкент қаласы бойынша филиалының 2019 жылғы Шымкент қаласы бойынша автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына жүргізілген сараптама жұмыстарының қорытындысы бойынша мердігер және техникалық қадағалау мекемелеріне жол сапасын арттыру мақсатында бірқатар тапсырмалар берілді» делінген хабарламада.