Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Аялы алақан» орталығына қатысты тараған ақпарат бойынша ресми мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желілерде «Аялы алақан» орталығына қатысты ақпарат таралуда. Осыған байланысты Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ресми түсініктеме берді.
Басқарманың мәліметінше, әлеуметтік желілерде ақпарат жарияланғанға дейін, яғни 2026 жылғы 2 қазанда А.А.-дан орталыққа қатысты арыз түскен. Осыдан кейін мәселенің мән-жайын жан-жақты зерделеу үшін қала әкімдігі мен басқарма тарапынан арнайы комиссия құрылған.
Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, қаржылық мәселелерді зерделеу мақсатында 2026 жылғы 13 қазанда Шымкент қаласының Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне ресми хат жолданған.
Басқарма өкілдері істің нақты мән-жайлары анықталғанға дейін тексерілмеген ақпаратты таратпауға және біржақты қорытынды жасамауға шақырды.
Сондай-ақ ведомство Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салды.
Басқарманың хабарлауынша, аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар әлеуметтік желілерде ақпарат таралғанға дейін-ақ басталған. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілуі мүмкін.


