Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Шымкент қаласындағы «Фиркан» ЖШС-і аумағында өрт шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
01 қыркүйек күні сағат 02:07-де "101" пультіне Тәуке хан даңғылында орналасқан "Фиркан" ЖШС аумағындағы өрт туралы ақпарат келіп түскен.
Оқиға орнына келген өрт сөндіру бөлімшелері көлемі 927 шаршы метр құрайтын минералды сусындар сақтайтын қойманың жанып жатқандығын анықтаған.
Судың үздіксіз берілуі объектіге жақын орналасқан екі өрт гидранттарынан қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Шымкент станциясының өрт пойызы, коммуналдық қызметтердің су тасығыштары жұмылдырылды.
Өрт 03:46-да оқшауланып, 05:42-де толық сөндірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен материалдық шығындары анықталуда.
Өрт сөндірушілер қауіпсіз жерге сыйымдылығы 80 литр 3 оттегі балонды және сыйымдылығы 50 литр 1 газ балонын шығарды.
Өрт орнына Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар Департаментінің 72 қызметкері мен 16 техникасы, жеке құрамында 10 адам Шымкент станциясының 1 өрт пойызы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы (3 қызметкер және 1 бірлік техника), "ЛТД Тұрмыс" ЖШС, "Нұр сервис" ЖШС, "Бәйтерек ЛБ"ЖШС 6 қызметкері және 6 бірлік техникасы тартылды.