Құрылысы 10 айда аяқталған демалыс орны бүгінде тұрғындар үшін саялы аумаққа айналды.
Шымкент қаласында қоқыс полигоны демалыс аумағына айналды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы А-1 тас жолында орналасқан құрылыс қалдықтары полигоны аумағына тұрғындар үшін демалыс орнын салу жоспарланған болатын. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында толығымен аяқталды.
Қала әкімі М. Әйтенов абаттанған нысанды аралап, құрылыстың сапасын бақылады.
Мердігер мекеме «Кен Тау» ЖШС жоба құны 301,6 млн теңгені құрайтын жобаның құрылысын өз мерзімінде аяқтады.
Бүгінгі таңда жалпы ауданы 4,48 га аумақта демалыс орны алаңдары, жарықтандыру бағаналары, орындықтар, қоқыс урналары, спорт алаңдары құрылды. Сонымен қатар, әр түрлі пішінде кіші сәулет мүсіндері орнатылған.
Жергілікті тұрғындар қоқыс полигоны аумағының ретке келтіріліп, жасыл желекке айналғанына қуаныштарын жеткізіп, қала әкіміне алғысын білдірді.
Құрылысы 10 айда аяқталған демалыс орны бүгінде тұрғындар үшін саялы аумаққа айналды. Қаланы жасыл желекке айналдыру және көгалдандыру, демалыс орнын көбейту жұмыстары ұдайы назарда.
Айта кетсек, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Демалыс орындарының саны артып келеді. Олардың барлығына арнайы қызметкерлер күн сайын ерекше күтім жүргізеді.