Полицейлер шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын кәсіпорындар, ұйымдар және мыңнан астам үйлерді тексерген.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қ. ПД «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласындағы жедел-профилактикалық іс-шара кезінде криминалдық, жергілікті полиция және көші-қон қызметі қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар құрылған. Олар шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 34 кәсіпорын мен ұйымдарды, басқа елдерден келіп оқитын студенттері бар 4 оқу орнын тексерді.
Іс-шара аясында қонақ үй, жатақхана, сауда орындары, мейрамханалар мен өзге де көңіл көтеру орындарын тексеру бойынша рейдтер жүргізілді. Сонымен қатар, мыңнан астам үйлер тексеріліп, 89 шетелдіктің ҚР аумағында болу мерзімі қысқартылған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде шетел азаматтарының ішінен 379 – жақын шетелден, 6 – алыс шетелден ҚР аумағына келу, кету және болу ережелерін бұзу анықталды. Көші-қон заңнамасын өрескел бұзған жақын шетелдік 11 азамат және алыс шетелдік 3 азамат елден шығарылды.
Жеке басын анықтау үшін 145 адам ІІО қабылдау-тарату орындарына орналастырылды. Шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған 5 жайт және ҚР мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтудің 1 жайты анықталып, олар бойынша ҚР ҚК-нің 393 және 392- баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, ҚР Көші-қон заңнамасын түрлі бұзғаны үшін 7 заңды және жеке тұлға, оның ішінде шетелдіктерді тұрғын үймен заңсыз қамтамасыз еткен (ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы) – 46, заңсыз еңбек иммигранттарын пайдаланғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы) – 11 әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Еске сала кетейік, осының алдында Шымкентте «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының басталғанын хабарлаған болатынбыз.
дереккөз: Шымкент қ. ПД-нің Баспасөз қызметі