Аталған нысан қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге септігін тигізбек.
Шымкент қаласында ұзындығы 16 шақырымды құрайтын Оңтүстік айналма жолының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған нысан Шымкент қаласы аумағы арқылы қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек.
Қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады.
Сонымен қатар, Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр.
Сондай-ақ, Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда.
Аталған жол 31 шақырымды құрап, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды.
2023 жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, биыл Шымкентте жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2%-ға жеткізу жоспарлануда. Жалпы Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр.