Шымкенттегі жаппай улану жағдайына қатысты ​«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мәлімдеме жасады

0
1 513

Табиғи газды тұншықтырғыш газбен шатастырмау керек!


Шымкенттегі жаппай улану жағдайына қатысты ​«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мәлімдеме жасады

18 наурыз күні белгісіз заттың әсерінен Шымкент қаласындағы №54 мектептің 41 оқушысы мен 4 ересек адам уланып қалған болатын. Осыған орай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ табиғи газ арқылы мұндай төтенше жағдайдың болуы мүмкін еместігін ресми мәлімдейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің төрағасы, еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин улануға мектептен 600 метр қашықтықта орналасқан газ тарату стансасынан шыққан табиғи газ себеп болды деп мәлімдеді.

Біріншіден, ҚР ұлттық экономика министрлігі бекіткен «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға» сай, табиғи газдың (метан) қауіптілігі IV санатқа жатады және ол уландырушы газ болып саналмайды. Ашық ауада бір жерде жинақталып тұрмайтындықтан, елдімекендер ауасын ластайтын тізімге де енбеген. Табиғи газды тұншықтырғыш газбен шатастырмау керек!
Екіншіден, газ тарату жәшігінен мектепке дейінгі 600 метр аралыққа ауадан да жеңіл газдың жетуі мүмкін емес, ол бірден ауаға тарап кетеді. Сондықтан, 600 метр жерден ұшып жеткен газ қандай да бір бөлмеге (мектептің ішіне) жиналды деген тіпті қисынға келмейді.
Осы ретте, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ апаттық-диспетчерлік қызметі оқиға орнына дәлдігі өте жоғары газ мөлшерін есептейтін «Пергам» зертханасын аттандырды. Жүргізілген тексерулер мектеп жанында, мектеп аумағында, тіпті станса маңында да газдың таралғанын анықтаған жоқ, деп мәлімдеді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметі.