Шымкенттен Қостанайға 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді

0
525

Оны Қостанай жеріне жеткізуге қалалық мәслихат депутаты Қуандық Сұлтанғали мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Абай Сырлыбаев жолға шықты.


Шымкенттен Қостанайға 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Қостанай облысында тілсіз жаудан жапа шеккендерге 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Белсенді партияластар, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, кәсіпкерлер, қалалық мәслихат депутаттары, қарапайым халық болып қостанайлық қандастарымызға көмек қолын созуға асықтық. Қалалық партия филиалы жанынан 4 қыркүйек күні таңғы 9.00 ден гуманитарлық көмек пунктін ашып, ең әуелі азық-түлік өнімдері мен бірінші кезекте пайдалануға керекті құрал-жабдықтарды жинауға кірістік. Сын сағатта қаламыздың әрбір тұрғыны қостанайлықтардың басына төнген апатқа бей-жәй қарамай өздерінің биік адамгершілігін көрсете білгені үшін барша жерлестерге, жомарт жандарға, жақсылыққа жана құмар жастарға алғыс білдіргім келеді”, - деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Әлібекқызы.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің қолдауымен, халық қалаулыларының көмегімен жиналған барлық гуманитарлық көмекті жүк көліктеріне артып, оны Қостанай жеріне жеткізуге қалалық мәслихат депутаты Қуандық Сұлтанғали мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Абай Сырлыбаев жолға шықты. Гуманитарлық көмекке үлес қосқан мекемелер, жекелей азаматтар бар.
Атап айтқанда, «Жібек жолы» көтерме базары мен «Сандыбаев» мал базары ұжымдары атынан жалпы көлемі 2 тоннаға жуық азық түлік және гигиеналық заттар жинақталды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы басшылығы, белсенді партияластар атынан төсек жабдықтары сатып алынды. Қаратау аудандық әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бір топ қызметкерлері қостанайлықтарға 4 тоннаға жуық азық-түлік және құрылысқа қажет құрал-жабдықтар жеткізді. «Тұлпар-2030» автобөлшектер базарының кәсіпкерлері де қостанайлықтарға қолдау білдірді. «Су ресурстары маркетинг» ЖШС ұжымы балаларға арналған ойыншықтар, жуынуға арналған құралдар, СПК Шымкент кәсіпкерлік палатасының атынан киім-кешек және қажетті құралдар әкелінді. Сонымен қатар «Бал Текстиль» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС атынан қостанайлықтарға 80 кілем және «Рахат» ЖШС басшылығы 500 кг кондитерлік өнімді жеткізді. Гуманитарлық көмек пунктіне «Ақниет», «Баспана», «Исфиджаб», «Қайнарбұлақ», «Сайрам өркениет» бастауыш партия ұйымдарының атынан жарма өнімдерін, сұйықмай, жеке гигиеналық заттарды, құрылыс құрал-саймандары (күрек, кетпен, арба, балға, шеге) жеткізілді. Әл-Фараби ауданына қарасты №1 қалалық емхана ұжымы және №1 қалалық спорт мектебінің қызметкерлері гуманитарлық көмекке өз үлестерін қосып, азық-түлік, ыдыс-аяқ, химиялық өнімдер және құрылысқа қажет бұйымдарын Қостанай өңірінің тұрғындарына арнайы алған. Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының атынан 10 тонна азық-түлік (7 тонна макарон өнімдері, 3 тонна сұйық май) қостанайлықтарға көмек ретінде жөнелтілді. Одан өзге қаншама қала тұрғыны, еріктілер, шымкенттік патриот азаматтар көмек қолын созып, қиын жағдайға тап болған қандастарымызға көмектесе білді.