Нұржан Мұхаммедов әкімдік алдында өзімен ала келген бензинін үстіне құйып, өртемек болған. Қолына отжаққыш алып алған белсенді қасына ешкімнің жоламауын талап еткен.
ERNUR.KZ. Шымкентте азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедов жанұясымен бірге қала әкімдігі алдында полицияның өзін аңдып, қудалауын тоқтатуды талап етіп, наразылық акциясын өткізді, деп жазады centralasian.org порталы.
Нұржан Мұхаммедов әкімдік алдына наразылық танытуға бес баласы және әйелімен бірге келген. Балалары қолдарына "Біз құл емеспіз. Қудалауды тоқтат" деп жазылған ақ парақтар ұстап шықты.
Мұхаммедов 10 мамырда "саяси тұтқындарды босату талабымен митингіге шыққаны" үшін әуелі ескерту алып, кейін мамырдың 25-інде 10 тәулік әкімшілік қамауға алынған, 4 маусымда босап шыққан. Ол содан бері полиция қызметкерлерінің өзін аңдып, түрлі қысым көрсете бастағанын айтып, өзін қала әкімімен кездестіруді талап етті. Бірақ ол өзіне қысым жасала бастағаны туралы еш жерге шағымданбаған.
Қала әкімі шықпаған соң, Нұржан Мұхаммедов әкімдік алдында өзімен ала келген бензинін үстіне құйып, өртемек болған. Қолына отжаққыш алып алған белсенді қасына ешкімнің жоламауын талап еткен.
Осы уақытта қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай шығып, оған ішке кіріп сөйлесуді ұсынған. Қайрат Нұртай белсендінің шағымына байланысты полицейлерге қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.
Белсенді өзінің қала шетіндегі ықшам ауданда пәтер жалдап тұрып жатқанын, бірақ таяуда пәтер иесі учаскелік полицей өзіне айыппұл салатынын айтқан соң белсендінің отбасын пәтерден шығарып жібергенін айтты. Олар қазір өздері жұмыс істейтін дүкеннің қоймасында тұрып жатыр.