Шымкенттік құтқарушылар қар құрсауында қалып қойғандарға көмектесті

0
1 392

Боран мен бұрқасын салдарынан көру қиындап кеткен.


Шымкенттік құтқарушылар қар құрсауында қалып қойғандарға көмектесті

Күн райының бұзылуына байланысты өткен демалыс күндері Алматы – Шымкент жолының 593-632 шақырымында көліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысы жабылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан көліктерді құтқару жұмыстарына Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары ат салысып, құтқару жұмыстарын жұргізді.

Атап айтар болсақ, Түлкібас ауданы Шакпак баба ауылына қалалық төтенше жағдай департаментіне қарасты Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары мекемесінен 9 қызметкер мен 3 техника (2 «Урал» вахталық машинасы және 1 Трэкол) жолға шыққан.

Нәтижесінде, 21-22 желтоқсан күндері Шақпақ баба асуында құтқару жұмыстары жүргізіліп, 12 техника қар үйінділерінен тазартылған жерге шығарылған және 16 адам қауіпсіз жерге жеткізіліп, 66 адам вахта машинасын паналаған.

Сондай-ақ, 22-23 желтоқсан күндері Бәйдібек ауданы бағыты бойынша көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелген. Тиісінше, мұнда да қызметте болған құтқарушылар Алмалы ауыл округінің Бәйдібек елдімекенінен 44 жастағы әйел мен 1 жасар сәбиді 35 км қашықтықтағы жылыту пунктіне дейін жеткізіп, сол жерде жедел медициналық жәрдем күтіп алған. Қазіргі уақытта науқастар Шаян елдімекеніндегі ауруханаға жеткізілген және дәрігерлердің бақылауында.