Бүлдіршінді іздеуге 500-ден астам тәртіп сақшысы жұмылдырылды.
Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкенттік полицейлер жоғалған 3 жасар қызды тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2021 жылдың 2-мамырында Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жергілікті жердің 1999 жылғы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында сағат 13:00 шамасында 3 жасар қызы үйден шығып, белгісіз бағытқа жоғалып кеткенін көрсеткен.
Үш жасар қызды табу үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтың дабыл қағуымен барлық аудандық полиция басқармаларына тапсырма берілді. Іздестіру іс-шарасына департаменттің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. 500-ден астам тәртіп сақшылары аулаларды тексеріп, тұрғындардан жоғалған қыз туралы сұрастырды. Сондай-ақ, кинологияның қызметтік иттерімен іздестірілді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде кешкі сағат 22:10 да Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері "Отырар" шағынауданынан 1 шақырым жер арақашықтықтан 3 жасар қызды аман-есен тауып, ата-анасына жеткізді.
Өз кезегінде, жоғалған қыздың ата-анасы шымкенттік полицейлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.