Шымкенттік ұстаз Республикада үздіктер қатарынан көрінді

0
2 932

«Үздік педагог-2018» төсбелгісімен марапатталған.


Шымкенттік ұстаз Республикада үздіктер қатарынан көрінді

Шымкенттік ұстаз Республикада үздік атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетсе керек. Сондай отбасының бірі – Шымкент қаласында тұратын Жүнісбековтер әулеті. Бұл үлкен отбасын қала тұрғындары «Ұстаздар династиясы» деп атап кеткен. Осындай отбасыда туып, өскен Дана Жүнісбекова бүгінде М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын № 8 мамандандырылған гимназияда физика пәнінен ұстаздық етеді.

Дананың бұл мамандықты таңдауға әкесі Дүйсебай Жүнісбеков себеп болған. Әкесі 35 жылдан астам уақыт физика пәнінен сабақ берумен бірге методикалық қолданбалар, оқулықтар жазған. Болашақта бұл еңбектерді өз балалары қолдануды армандап, өзінен өрбіген перзенттерін білім саласына бағыттаған.

Дана Дүйсебайқызы - өз ісінің нағыз маманы, заман талабына сай білімді, білікті, шығармашыл ұстаз. Ол ҚР білім және ғылым министрлігінің 1-дәрежелі дипломымен, Республикалық КИО олимпиадасының бірнеше рет жеңімпазы, «Ньютон» олимпиадасының «Алғыс хатымен» және 2018 жылы еліміздің «Үздік педагог-2018» төсбелгісімен марапатталған.

Республикалық, қалалық семинар сабақтар барысында өзіндік іс-тәжірибесімен де бөлісіп отыратын жаңашыл ұстаз – YouТube желісінде «Физика. Теория. Практика» каналына жариялап отырады. Қазіргі таңда YouТube каналындағы сабақтарды методика ретінде қолданушы ұстаздар саны артып келеді.

Өткен жылы елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға ерікті түрде ұстаздық еткені үшін республикалық «Педагогтар академиясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Жыл волонтеры» байқауында «Білімді әйгілеудегі үлесі үшін» номинациясы бойынша үздік атанды.

Д.Жүнісбекова балалардың қабілетін ұштау мақсатында 2012-2016ж.ж. аралығында 7,9,10,11-сыныптарға арналған «Физика» оқу – әдістемелік құралдарын жазған. Сонымен бірге, 8-сыныпқа арналған «Өзіндік және бақылау жұмыстары» жинағының авторы.