​Шымкенттік жастар Қостанайға гуманитарлық көмек жіберді

0
395

Олар бүгін Жастар орталығында жиналған барлық гуманитарлық көмекті ерікті жастардың ұйымдасуымен жүк көлігіне тиеп, Қостанайға жіберді.


​Шымкенттік жастар Қостанайға гуманитарлық көмек жіберді

Шымкенттік жастар Қостанайға гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қостанай өңірінде орын алған өртке байланысты қайырымдылық акциясы әлі де жалғасуда. Солардың арасында жастар да белсенділік танытуда. Солардың арасында шымкенттік жастар да бар. Олар бүгін Жастар орталығында жиналған барлық гуманитарлық көмекті ерікті жастардың ұйымдасуымен жүк көлігіне тиеп, Қостанайға жіберді.

Жүк тиелген көлікте зардап шеккендерге бұзылмайтын азық-түлік өнімдерімен күнделікті тұрмысқа қажетті гигиеналық құралдар, балаларға қажетті жөргектермен қатар кілемдер және көрпе-төсектер бар.

Әрине, жастарға қолдау білдіріп, жомарттық танытқандардың қатарында қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер, жоғары және орта арнаулы оқу орындары және еріктілер бар. Жастар қиын кезде қолдау білдіргендің бәріне алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Қостанай облысында тілсіз жаудан жапа шеккендерге 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің қолдауымен, халық қалаулыларының көмегімен жиналған барлық гуманитарлық көмекті жүк көліктеріне артып, оны Қостанай жеріне жеткізуге қалалық мәслихат депутаты Қуандық Сұлтанғали мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Абай Сырлыбаев жолға шықты. Гуманитарлық көмекке үлес қосқан мекемелер, жекелей азаматтар бар. Атап айтқанда, «Жібек жолы» көтерме базары мен «Сандыбаев» мал базары ұжымдары атынан жалпы көлемі 2 тоннаға жуық азық түлік және гигиеналық заттар жинақталды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы басшылығы, белсенді партияластар атынан төсек жабдықтары сатып алынды. Қаратау аудандық әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бір топ қызметкерлері қостанайлықтарға 4 тоннаға жуық азық-түлік және құрылысқа қажет құрал-жабдықтар жеткізді. «Тұлпар-2030» автобөлшектер базарының кәсіпкерлері де қостанайлықтарға қолдау білдірді. «Су ресурстары маркетинг» ЖШС ұжымы балаларға арналған ойыншықтар, жуынуға арналған құралдар, СПК Шымкент кәсіпкерлік палатасының атынан киім-кешек және қажетті құралдар әкелінді. Сонымен қатар «Бал Текстиль» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС атынан қостанайлықтарға 80 кілем және «Рахат» ЖШС басшылығы 500 кг кондитерлік өнімді жеткізді. Гуманитарлық көмек пунктіне «Ақниет», «Баспана», «Исфиджаб», «Қайнарбұлақ», «Сайрам өркениет» бастауыш партия ұйымдарының атынан жарма өнімдерін, сұйықмай, жеке гигиеналық заттарды, құрылыс құрал-саймандары (күрек, кетпен, арба, балға, шеге) жеткізілді. Әл-Фараби ауданына қарасты №1 қалалық емхана ұжымы және №1 қалалық спорт мектебінің қызметкерлері гуманитарлық көмекке өз үлестерін қосып, азық-түлік, ыдыс-аяқ, химиялық өнімдер және құрылысқа қажет бұйымдарын Қостанай өңірінің тұрғындарына арнайы алған. Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының атынан 10 тонна азық-түлік (7 тонна макарон өнімдері, 3 тонна сұйық май) қостанайлықтарға көмек ретінде жөнелтілді.