Символға айналған жауынгер: Сәбидің сәлемін алып жұрттың жүрегін елжіреткен фото Шымкентте түсірілген

0
1 514

Ол Ұлттық Ұланда қызмет етіп жүрген ефрейтор Шахрух Хасанов.


Символға айналған жауынгер: Сәбидің сәлемін алып жұрттың жүрегін елжіреткен фото Шымкентте түсірілген

Әлеуметтік желіде тараған жауынгер мен кішкентай баланың суреті Шымкентте түсірілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қаңтардың басында ел ішінде дүрбелең тудырған оқиғалар кім-кімнің болса да жүрегін ауыртты. Еліміз үшін алаңдап, көңіліміз жабырқап қалды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилерге қарсы жасалған қатыгез әрекеттер көңілге қаяу түсірді. Осы күндері интернет желісінде жауынгер мен кішкентай баланың суреті пайда болып, тез тарап кетті. Жып-жылы сурет. Қоғам жақсы қабылдады. Бейбіт жауынгердің бейнесі.

Ол – Ұлттық ұланның жауынгері екен. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінде қызмет ететін ефрейтор Шахрух Хасанов қаңтардың 4-і күні дабыл белгісімен қызметке келгенін айтады. Олар Шымкент қалалық әкімдіктің маңына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне шыққан.
Әйгілі сурет 7 қаңтарда түсірілген екен. Әкімдік алдындағы алаңда қызмет атқарып тұрған жауынгерге бір кішкентай балақай жүгіріп келіп, сәлем беріпті. Жауынгер де баланың қолын қайтармай, сәлемін алып, басынан сипап, әкесіне қарай жіберген. Әкесінің айтуы бойынша неше күн үйде қамалып отырған бала әбден зерігіп, далаға серуенге шыққанына қатты қуанған. Ал осы сәтті сол маңайда түсірілім жасап жүрген «OTYRAR TV» журналистері түсіріп алған.
Ефрейтор Шахрух Хасановтың Ұлттық ұланда қызмет етіп жатқанына 10 жыл болыпты. Үйленген, екі ұлы бар. Ұлдары да әке жолын қуып, әскери боламыз дейді.

дереккөз: Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы.