Шымкент қаласы аумағындағы 34 су арнасының 8-іне биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Шымкент қаласы аумағындағы 34 су арнасының 8-іне биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның үшеуі бүгінде аяқталып, бесеуінің жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNER.KZ.
Соның бірі «Сасық-1» су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басына барып, жауапты басқарма мен мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, аталған су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары талқыланып, алдағы жоспарларға шолу жасады. Каналдың жалпы ұзындығы 14,1 шақырым.
Су арнасының жұмыстарына жауапты мердігер мекемеден 17 техника және елуге жуық жұмысшы тартылды. Қазіргі таңда бетон блоктары орнатылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Арнайы өлшем жүргізіліп, жерді құрылыс жұмыстарына дайындап, бетондалған арық жүйесі орнатылуда. Жалпы жұмыстың қазіргі таңда 40%-ы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша жоба биылғы жылдың қазан айында аяқталу белгіленген.
Қала әкімі мердігер мекеме басшылығына су арнасын пайдаланатын шаруалармен де кездесіп, құрылыс жұмыстарын тұрғындарға тиімді етіп ұсынуды тапсырды.