"Түркиядан келіп жатқан киімдердің бағасына төтеп беру мүмкін емес": Шымкенттік тігінші отандық өнімге қолдау жоқ екенін айтты

0
553

"Тура сол киімдерді біз де дәл сондай сапалы етіп тіге аламыз".


Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің тигізер ықпалы өлшеусіз. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Сұраныс бойынша азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді.

Дегенмен елімізде жеңіл өнеркәсіп айтарлықтай дамыған салалардың қатарына жатпайды. Осы мәселеде көбіне көрші және шет елдердің өнімдеріне мұқтажбыз. Алайда өзімізде шығарылатын отандық өнімдер де жоқ емес. Бірақ, отандық өнімдердің бағасы қарапайым халық үшін тиімсіз екені жасырын емес. Сәйкесінше шет елден әкелген тауарлардың құны отандық өнімдерден әлдеқайда арзан.

Осы ретте Шымқаладағы «Kasiet collection» тігін фабрикасына арнайы барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.



(фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Аталған кәсіпорын әйелдер киімдері және ерлерге арналған спорттық киім тігумен айналысады. Тігін фабрикасының ашылғанына 5 жылға жуық уақыт болыпты. Ашылғандарына көп болмаса да, тігін саласында өзіндік орны бар фабрика десек артық айтпаған болар едік.

Алғашында кәсіпорын өз жұмысын 4 қызметкермен бастаған. Қазір мұнда жалпы саны 60-тан астам адам еңбек етіп жатыр. Осыдан-ақ сұраныс жақсы екені айтпаса да түсінікті. Кәсіпорын күніне 120-130 көйлек және 50-70 спорттық киім тігеді.



«Бұдан да үлкен фабрика болуға болар еді. Бірақ өзімізде бізге керекті ештеңе өндірілмейтіні фабрика жұмысына үлкен кедергі. Мысалы бір зат керек боп қалады, жүгіріп барып сатып ала алмайсың. Содан соң, амал жоқ шетелге тапсырыс беруге тура келеді. Оны 3 күн күтесің, кейде 1 ай. Осындай қиындықтарға қарамастан өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», - деді кәсіпорын басшысы Гульфайруз Шегебаева.

Кәсіпорында тігілген киімдер қаладағы дүкендерде сатылады. Бағасы да аса қымбат емес көрінеді.

«Біз аса қымбат киімдер тікпейміз. Себебі қымбат киімдер сұранысқа үнемі ие бола бермейді. Киімдеріміздің бағасы қолжетімді болған соң, жылдың төрт мезгілінде де тапсырыс көп», - деді Гүлфайруз.

Кәсіпорын басшысы өз елімізде ешқандай шикізат өндірілмейтіні басты кедергі екенін алға тартты. Сонымен қоса, жалға алып отырған мекеменің төлемақысы да тым жоғары екен. Жұмыс күші де қымбат дейді ол.

«Мемлекет тарапынан бізге ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Осы ретте мекемені жалға алу немесе жұмысшы жағынан көмек болса жақсы болар еді. Себебі сұраныс деген өте көп. Бірақ бәрі бағамен салыстырады. Мысалы біз бағасын айтамыз, олар Бішкектің, Өзбекстанның, Түркияның бағасын қарайды», - деді кәсіпкер.

«Біздегі фабрикалардың көбісі арнайы киімдерге арналған. Солардың материалдарын табуға болады. Ал бізге керекті ештеңе жоқ. Кәсіпорынға қажетті заттарды Түркия мен Қырғызстаннан алдырамыз», - деді кәсіпорын басшысы.

«Бұл кәсіпорында жұмыс істеп жатқаныма 4 жылға жуық уақыт болды. Әйелдерге арналған әртүрлі көйлектер тігумен айналысамын. Мезгілге байланысты жазда жаздық көйлектер, қыста қыстық көйлектер тігеміз. Жалақы жұмысыңа байланысты тез жұмыс істесең көп айлық аласың», - дейді кәсіпорын қызметкері Өтебаева Марияны әңгімеге тартқанымызда.

«Балалар киімдерін шығаруды жоспарларлаған едік. Бірақ бәсекелестікке қарсы тұра алмай жатырмыз. Себебі Түркиядан келіп жатқан киімдердің бағасына төтеп беру мүмкін емес. Тура сол киімдерді бізде дәл сондай сапалы етіп тіге аламыз. Алайда біздің бағамыз қымбат болып кетеді. Қазір барлығы қымбат. Жұмысшылардың да айлығын түсіре алмаймыз. Жалақыны арзандатсақ жұмысшы таппаймыз. Жұмысшы таппаған соң жұмыс болмайды», - деді Гүлфайруз Шегебаева.

«Кәсіпорында 4 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазақша көйлектер тігемін. Айлығымыз жұмысқа байланысты әртүрлі. Киімнің үлгісіне қарай. Жалақымыз да уақытынан кешіктірілмейді. Тегін тамақпен қамтамасыз етеді», - деді кәсіпорын қызметкері Ирада Кадирова.

Кәсіпорын осымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Болашақта заман талабына сай өзіндік бренд үлгісін қалыптастыруды жоспарлауда.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ.