Қазақстандық боксшы жартылай финалда әлемнің төрт дүркін чемпионын жеңді, енді Нұрдәулетов "алтынға" таласады.
ERNUR.KZ. Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында 22 жастағы қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов кубалық қарсыласын жеңіп, финалға жолдама алды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Екатеринбург қаласында бокстан әлем біріншілігінде жартылай финалдық жекпе-жектер өтті.
81 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін 22 жастағы Бекзат Нұрдәулетов Олимпиада чемпионы және әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Ла Круспен жұдырықтасты. Қос боксшының жекпе-жегі өте тартысты өтті. Тіпті, қазақстандық боксшының дөп тигізген жойқын соққысынан кубалықтың аузындағы капасы ұшып кетті.
Отандасымыз төрешілер шешімімен сенсациялық жеңіске қол жеткізді.
Осылайша Нұрдәулетов финалға жолдама алды, ал кубалық боксшы қола жүлдегер атанды.