Елордада III республикалық паралимпиялық жарыс өтті

0
1 198

Еліміздің 10 аймағынан келген қатысушылар алты жарыс түрінен сайысқа түсті.


Елордада III республикалық паралимпиялық жарыс өтті

ERNUR.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры елордадағы М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайында "Жеңістерге бірге" - "Вместе к победам" III паралимпиялық жарысын ұйымдастырды, деп жазады baq.kz.

"Бұл жарысты өткізудің мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жастарды анықтау, оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ қоғам арасында толеранттық көзқарас қалыптастыру. Қазақстан – 2050 даму тұжырымдамасындағы басым бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жаппай спортты дамыту. Өткізіліп жатқан дода жас дарындарды анықтап, қолдауға және оларға баға жетпес тәжірибе. Сондай-ақ, жаңа дос тауып, бір-бірімен араласуға септігін тигізеді. Біздің белгілі спортшыларымыз – Павел Муравьев, Зульфия Габидуллина секілді жоғары нәтижелерге жете білесіңдер деп сенемін», - деді өз сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.


Республикалық Паралимпиялық стартқа қатысу үшін елордаға 14 пен 18 жааралығындағы 170 жасөспірім жиналды. Еліміздің 10 аймағынан келген қатысушылар алты жарыс түрінен сайысқа түсті. Олар: волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, жүзу, армрестлинг және арба биі.


"Мен Нұр-Сұлтан қаласына "Арба биі" бойынша жарысқа қатысу үшін келдім. Өзімнің нөмірлеріммен облыста және Ресейде көп рет сахнаға шықтым. Жуырда "BI Жұлдызай" Халықаралық шығармашылық Фестивалінде екінші орын алдым. Оған қоса 9 жасымнан бастап шахмат ойнаймын. Болашақта шахмат бойынша да жарыстарға қатысқым келеді. Максим Седаков сияқты жоғары жетістіктерге қол жеткізгім келеді және болашақта жүруді армандаймын", - дейді Шығыс Қазақстан облысынан келген 12 жастағы қатысушы Алексей Журавлев.

Жарыс жеңімпаздары:

Жүзу

1. Константин Тюрин (Шығыс Қазақстан облысы);
2. Михаил Савельев (Ақмола облысы);
3. Андрей Потолов (Қызылорда облысы).

Армрестлинг

1. Жәнібек Әскербеков (Шығыс Қазақстан облысы);
2. Еламан Ерлік (Солтүстік Қазақстан облысы);
3. Егор Буруджа (Павлодар облысы).

Тоғызқұмалақ

1. Бекзат Мухиденов (Шығыс Қазақстан облысы);
2. Сәбитхан Араппаев (Қарағанды облысы);
3. Сабрина Алпысова (Павлодар облысы).

Шаxмат

1. Сұлтан Қожахметов (Нұр-Сұлтан);
2. Артем Ковальский (Алматы қ.);
3. Бекзат Бақытбек (Қызылорда облысы).

Арба биі

1. Сергей Богдашин мен Эвелина Хлебнова (Павлодар облысы);
2. Алексей Журавлев пен Алена Кривохижинада (Шығыс Қазақстан облысы);
3. Аңсар Қошығұлов пен Айжан Асанова (Қарағанды облысы).

Жалпы командалық есеп бойынша Шығыс Қазақстан облысының балалары үздік болды, екінші орында Павлодар облысы, үшінші орын Нұр-Сұлтан қаласының құрамында.

Айта кетейік, осыған дейін екі рет өткізілген Паралимпиялық старттарда Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы және Павлодар облыстарының балалары алты рет жеңімпаз атанған болатын. Үш рет Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысының командалары мықты болды. Жамбыл облысының балалары екі рет, ал маңғыстаулықтар бір рет жеңіске жеткен еді.