"Бір адамға 2 рет ғашық болдым": Әзілкеш Ақболат "Маған назар аудар" фильмін түсіруге не себеп болғанын айтты

0
6 747

Әзілкеш, "Назар аудар" театрының мүшесі Ақболат Өтебаев жақында жаңа кинотуынды түсірді. "Маған назар аудар" туындысы 23 ақпаннан бастап барлық кинотеатрларда көрсетіледі. Жаңа фильм, продюсерлікке аяқ басуы және жеке өмірі туралы әзілкеш ernur.kz сайтына сұхбат берді.


Жақында «Маған назар аудар» фильмі көрерменге жол тартады. Кино әлеміне аяқ бастыңыздар. Идея қайдан келді?

Жалпы, бұл сәтін салған жобалардың бірі болды. Осы уақытқа дейін бір бағытта жүргендіктен жаңа леп іздедік. Қазір өзі фильммен жарысатын заман болды ғой. Біз де өзімізді осы саладан байқап көргіміз келді.

Киноның сценарийін кім жазды? Мақсаты қандай?

Негізі адамда түрлі кезеңдер болады ғой. Мен бір адамға екінші рет ғашық болдым. Бұл сезім әйеліммен сөйлесетін ұзақ әңгімелесуден кейін пайда болды. Кейде әңгімеміз 3-4 сағатқа созылатын. Әр әңгімелескен сайын мәселелердің барлығы шешіліп, арамызда түйін қалмады. Сосын осы киноның идеясын маған әйелім ұсынды. «Қазіргі жастардың мәселесі сөйлеспеу екен ғой, егер осылай бір-бірімен сөйлессе ешкім ажыраспас еді. Неге осындай фильм түсірмейсің?» деді. Идея ұнады да, ойланып қалдым. Әрі қарай қасымдағы жолдастарыма айтып, оларға да ұнады. Солай жұмысқа кірістік. Абдусамид Шейхисламов режиссер болып, «Назар аудар» театрының капитаны Азамат Аленов сценарийін жазды. Арасында өз ұсынысымды айтып отырдым. Бәрі ойлағаннан да сәтті шықты. Сондықтан, идея менікі деп айтпаймын. Бәріміз атсалысқан жоба болды.

Фильмді өз қаражаттарыңызға түсірдіңіздер ме?

Осы уақытқа шынайы ниетімізбен адалынан бәрін жасадық. Ешкімнің ала жібін аттамадық. Соны көрген жанашыр ағаларымыздың бірнешеуі осы киноға арнайы қаржылай көмектесті. Өзіміз де атсалыстық. Осылайша бәрі реттеліп, екі айда түсіріп кеттік.

Қойылымдарыңызда отбасы туралы насихатты, ақылды көп айтасыздар. Фильм не туралы болады?

Өзің жасап жатқан жұмыстың елге пайдасы тиіп жатқанын көрген керемет сезім. Себебі «Назар аудар» театрындағы қойылымдардан соң «татуласқан отбасылар көп болды» деп біраз адам жақсы пікір айтып жүр. Бірақ қазір қойылымдарымызда ақыл айтқымыз келмейді. Себебі әлеуметтік желіде ақыл айтатындар көбейіп кетті. Біз олардың қатарынан болмаймыз деп шештік. Енді тек әзіл айтамыз.

Ал «Маған назар аудар» фильмі көңіл бөлінбей алаң болып жүрген әйелдерге арналған. Жалпы отбасында бір-біріне көңіл бөлу, сөйлесу тақырыптары қозғалады. Ата-енесінің көңілін тауып, күйеуінің бабын келістіріп, бала-шағасын тәрбиелеп отырған қазақтың қыздары көп. Бірақ әлеуметтік желіде «қазақ қыздары не болып кеткен» деп жаман жақтарын жиі көрсетеді. Біз сол үйде отырған бақытты келіншектердің абыройын көтеріп, ұрыс-керістің алдын алу мәселелеріне фильм арқылы адамдарға жақсы әсер етеміз деп ойлаймын. Жалпы фильмді түсіруге бір мәселе түрткі болғаны есіме келіп отыр. Бір кездері мынадай статистика естідік. Елімізде үйленген соң екі жылда жастардың 50 %-ы ажырасып кетеді екен. Сосын осы мәселені өзара ойлап, талдап жүрдік. Қойылымда да көрсеттік. Міне, енді кинода осы мәселені шешіп, талдап, шешімін де айттық деп ойлаймын.



Ең қымбат гонорарды кімге төледіңіз?

Фильмде Ақбота-Нұр, Қабдол Тілеков, Қайрат Әділгерей, Баян Мақсатқызы, Мадина Оспан, Әбілмансұр Серіков, т,б. актерлар бар. Қайрат Әділгерей ағамыз бізді қолдап, «гонорар сұрамаймын, қаржылай көмегім болсын» деп кішігірім қаражатпен қанаттандырып кетті. Ал ең қымбат актриса Баян Мақсатқызы болды.

Әйеліңізге арнап «Қабырғам-ай» әнін жаздыңыз. Тағы бір қабілетіңізді байқадық. Бұл қалай туындады?

Бұрын бір риза болған кезде әйеліме хабарлама жаздым.

«Жолықтырды екен сенімен қалай,

Өзіңмен бірге бәрі де оңай.

Алла қаласа, хор қызым болшы,

Құдай бере салған бағыма орай» деп жаздым. Әйелім мәз болып, жазғанымды сақтап қойған екен. Сосын оны толықтырып жазып, бір жерге шығарып қоямын ба деп ойландым. Артынан студияға келгенде осындай ән бар, сөз жазу керек деді. Осы шумақтарым есіме түсті де, қайырмасына ұсындым. Сөйтіп, әсем әнге айналды. Әрі қарай толықтырып, халыққа ұсындық.



Әйеліңізді қалай еркелетесіз? Отбасыңызда қарым-қатынастарыңыз қандай деңгейде?

Ая деп еркелетемін. Аты Айнамкөз, тегі Аяш. Содан қысқартып алдым. Жалпы, әйелім менің музам десем болады. Шығармашыл адамның әйелі болу оңай емес. Оның барлық еркелігін көтеру қиын. Бағымызға орай, сол адамды жолықтырды. Өнер адамының үйленгеннен кейін де сол өнерде бұрынғыдай жүруіне, еркіндік беруіне әйел тікелей байланысты. Көп адам тұншығып қалып жатады. Мұны көріп те жүрміз. «Елдің баласы бол» деп еркіндік беретіндер қазір аз деп айтар едім. Соның бірі болғанына шүкір дейміз.

Продюсер болған ұнады ма?Алдағы уақытта осы бағытпен жүресіз бе?

Фильм түсіру менің махаббатымды ашты. Маған шабыт берді. Ойлаңызшы, осы түсірген туынды арқылы қаншама жақсы адамдарға себеп боласың, оларға жұмыс бересің, дос болып кеңесесің, ақылыңды айтасың. Мұның бәрі керемет сезім. Кино түсіргенде артында қаншама адам жүреді, атмосфера, адамның көңіл-күйі - бәрі қызық.

Театрдың барлық құрамын кинодан көре аламыз ба?

Иа, барынша бәрін қамтуға тырыстық. Дегенмен, болашақта бәріміз ойнайтын бір кино жазамыз. Сол жерде де толық құрам керемет рөлді алып шығады деп ойлаймын.